Ауырып қалған ұшқыштың орнына ұшақты жолаушы қондырған...
Ұшқыш әуеде аяқастынан ауырып қалып, шағын ұшақты әрі қарай жүргізе
алмайтынын біліп, апат сигналын беруге мәжбүр болды. Әуежай өкілінің айтуынша, ұшақ
тізгінін қолына алған жолаушымен
сөйлесуге дереу екі ұшақ нұсқаушысы шақырылды. Жолаушының ұшу тәжірибесі өте аз
болған және бұрын-соңды ұшақты қондырып көрген емес. Осыған қарамастан, ол
ұшақты әуежайға сәтті қондыра білген. Бортта бір жолаушы мен ұшқыш екеуі ғана
болған. Sky News
Бұндай жағдай көбіне «экшн» жанырындағы киноларда көп кездеседі, тіпті біреулерінде
үлкен, ауыр және адамға лық толы жолаушы ұшағын әйел адамдар қондырып жатады.
Алайда, өмірде бұндай ерлікті қайталау оңайға түспейді. Ұшақты қондыру -
ұшыруға қарағанда әлдеқайда қиын екенін
білетін боларсыңдар?!. Оған мен әуе компаниясында жұмыс істеп жүріп, ұшқыштар
кабинасында ұшудың бір сәті түсіп қалған кезде көзім жетті.
Алматы-Ақтөбе рейсі, қателеспесем Airbus
320 борты. Ұшар алдында борт командирі мені техника қәіпсіздік ережесімен таныстырып,
төтенше жағдайда қандай шара қолдану керктігі жөнінде аз ғана нұсқау жүргізіп
өтті. Ең басты ереже – кабинада үн шығармау! Аз уақыттан кейін біз жерден
көтеріліп бұлт арасынан бір-ақ шықтық. Ұшу барысында командир және көмекші
ұшқыш алдарында қаптап тұрған түрлі экран-датчиктерге қарап, тұтқа-түймелерді басып,
бұрап қояды. Ұшақ сілкініп, тербетіліп қалған кезде жаныңды қоярға жер таба
алмай, ішіңнен бар білетін иман-кәлимаңды айта бастайсың. Міне, осындай
сәттерде жаңағы кинолар да есіңе түседі. «Алда-жалда мына екеуіне бірдеңе болып
қалып, ұшақ жүргізу жүгі менің мойныма артылатын болса қайтем?», деген ойлар да
кетеді. «Қой, қайдағы жоқ киноларды қарап алып, сандырақтап тұрғаным несі?! Бұл
тек кинода ғана болатын жағдай», деп өзімді-өзім жұбатып қоямын. Екі ұшқыш
ширақ қимылдай бастады. Не болды екен деп сыртқа көз тастап едім, төмендей бара
жатканымызды байқадым. Әуе кемесі төмендеген сайын тепе-теңдікті ұстау қиындай
түседі.Ұшақ шайқалған күйі әуежайдың ұшып-қону жолының қақ төбесінен табылды.
Ең қиыны да, қорқыныштысы да осы – қондыру
үдерісі. Бұл жауапкершілікті командир толықтай өз мойнына алады. Алдымен, ол
тепе-теңдік орнатып, ұшақтың екі қанатын теңдей етіп горизонтальды қалыпқа
келтірді, оны олар арнайы датчиктен қарап отырады екен. Артынан ол бірқалыпты
ұшақты отырғыза бастады, шасси дөңгелектерінің шиқылдаған дыбысы ішке естілді.
Командир ұшақты өте жақсы қондырып, бізді Ақтөбе қаласына аман-есен жеткізді.
Міне осындай қиындықтарды ескере отырып, ұшақты қондыра білген жолаушыға
тәнті боласың. Алайда, Sky News сайтына сенсек, жолаушының аз да болса ұшу
тәжірибесі болған және олар осы сапарға
оқу-тәжірибелік мақсатпен шыққан. Дегенмен, адам сенімді ақтап, өзнің және
ұшқыштың өмірін сақтап қалды. Осы ерлігі үшін әуежай, өрт сөндіру және жедел-жәрдем
қызметкерлері ду қол шапалақтап ризашылығын білдірген екен.
Астана, 09/10/13, Болат Қартбаев
No comments:
Post a Comment